Құда түсу – үйленуге шешім қабылдаған жігіттің ата-анасы, туыстары алдын ала ескертіп қызды айттыруға үйіне келеді. Бай дастархан жайып, құрметпен күтілетін құдалар тобына, қыздың үйіне кіру үшін арқан тартылып кәде сұралады, шашу шашылады. Құдалар құр қол келмей кәде сыйға толы қоржын ала келеді. Осылайша дастархан басында ас ішіп, әңгіме құрып, бір-бірін танып қыздың қолын сұрап, той мәселесін ақылдасады.
Қалың мал – бізге сақталып жеткен салттардың бірі. Құда түсу рәсімі өтіп, той жасайтыны келісілгеннен кейін жігіттің отбасы қызға қалың мал төлейді. Бұрындары қалың малды жылқы есебімен қыздың отбасылық жағдайына қарай берсе, бүгінде қалың мал көлемі қаржылай анықталады. Мөлшері екі жақтың ақылдасуымен, жағдайға қарай қойылады. Ал Қазақстанның кей аймақтарында қалың мал орнына ана сүті, әке күші ақысы деп бағаланып жатады. Бұл қызын ұзатып, той жасап, жасау дайындайтын отбасы үшін көмек, жұбату деп бағаланған. Бүгінде қыз жасауына төсек орыннан бөлек, бір үйдің жабдығы кіретіні белгілі.
Қыз ұзату – тойдың бастамасы болып есептелетін, қазақтың көрікті дәстүрлерінің бірі. Қыздың отбасына, туған-туыстарының басын қосатын той қуанышқа толы болады. Отбасымен қуанышын бөлісіп, өзге үйдің түтінін түтетіп, бақытты етуге аттанатын қыз, отбасы мүшелерімен қоштасып, сыңсуын айтады. Ата-анасы ақ тілекпен, ақ жолға салып қыздарын шығарып салады.
Келін түсіру – ұзатып әкелген қалыңдықты, келін етіп түсірген жігіттің ата-анасы да дүбірлі той жасайды. Баласының қуанышына туыс-туған, дос-жаранды шақырып үйлену тойын жасайды. Бірінші болып некелерін молда шақырып, шариғатпен кесетін болған. Бүгінде заңды некені де той алдында ресми түрде атап өтеді. Қалыңдықты үйге әкелісімен туған-туысқа беташар жасап, сәлем салғызады. Жаңа түскен келінді көру үшін көрші-қолаң және туыстар қауымы көрімдігін ала келеді. Бүгінде бұл дәстүрлердің барлығы үйлену той салтанаты кезінде мейрамханада орын алады. Баба дәстүрі сақталған той ерекше құрметке лайық. Ендеше бабалар жолын ұлықтай білейік!
Ақпарат toibiznes.kz сайтынан алынды.